Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин республиканың инновациялық әлеуетін одан әрі тиімді кеңейту үшін технологиялық дамудың басым бағыттарына бөлінген қаржының концентрациясын арттыру қажет екенін атап өтті.
Бүгінде бұл – AgriTech (органикалық өнімдер), MedTech (превентивті медицина) және GreenTech (энергия үнемдеу, т.б.) жобалары.
Сонымен қатар басым бағыттарға жасанды интеллект, Индустрия 4.0, GovTech және металлургия салаларын енгізуді қарастыру ұсынылды.
Сарапшылардың болжамына сәйкес 2050 жылға қарай бұл бағыттар Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды сын-тегеуріндер болып табылмақ.
Фокустық саясаттың жаңа механизмі ғылым мен инновацияға бөлінетін қаражаттың 50%-ын нақты жалпымемлекеттік технологиялық басымдықтарға бағыттауды көздейді, ал қалған 50%-ы озық халықаралық тәжірибеге сәйкес басқа бағыттарды қолдауға бөлінеді.
Премьер-Министр аталған тәсілдерді қолдап, инновациялық қызметті дамытудағы мәселелерді тиімді шешу үшін ғылыми қоғамдастықпен бірге кәсіпкерлік субъектілерін де белсенді тарту қажет екенін баса айтты.
Сонымен қатар жиында MedTech инновациялық бағытын дамыту бойынша ұсыныстар қаралды.
Оның шеңберінде барлық медициналық ақпаратты сақтайтын eDensaulyq платформасын құру, медициналық техника мен өндірістік жабдықтардың қолда бар қорын жаңғырту, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалардың үлесін арттыру жоспарланып отыр.
Әлихан Смайылов азаматтардың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуде аталған инновациялық бағыттың рөлі өте маңызды екенін атап өтті.