Қазақстандық оқу орындары инновацияларды енгізу үшін берік тірек бола алады. QazInnovations Ұлттық агенттігі еліміздің университеттерімен коллаборацияны тереңдетуді басым міндеттердің бірі ретінде алға қойып отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевпен, QazInnovations басшысы Санат Ахановпен және ғалымдармен бірге инновациялық кластерді дамытудың өзекті мәселелері мен екіжақты іс-қимылдың перспективалары қаралды. Ғылыми жаңалықтар, әзірлемелер тек зертхана қабырғасымен шектеліп қалмауы керек, оларды өнімге қаптап, өндіріске енгізу маңызды. Санат Аханов инновациялар бойынша білім беру курстарын ұйымдастыруды ұсынды: «Олар ғылымға қатысты барлық саланы қамтитын болады. Бұл біліммен бөлісіп, ғалымдарымыздың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз конкурстарға қатысу, ғылыми жобалар арқылы гранттар ұтып алу тәжірибесімен бөлісе аламыз. Сондықтан біз ҚазҰУ ғалымдарымен бірге қызмет жасауға дайынбыз». Сондай-ақ, прототиптеу орталықтарын бірлесіп құру мүмкіндіктерін зерттеу қажет. Сонымен қатар QazInnovations мамандары ҚазҰУ зерттеушілеріне гранттық қаржыландыруды алу ережелері бойынша егжей-тегжейлі кеңес беруге дайын. Ұлттық университеттің аумағы қала ішіндегі қала болып табылады. Мұнда ірі технопарк, бизнес-инкубатор, түрлі саладағы зерттеу орталықтары бар. Экскурсия барысында Санат Ахановқа ғалымдардың еңбектері мен инновациялық жобалар ұсынылды.