АО "Национальное агентство по развитию инноваций "QazInnovations"

Қазақстанда инновациялық гранттар тағайындау бойынша екінші конкурс басталды

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі инновациялық гранттар бойынша екінші конкурсқа өтінімдер қабылдауды бастады, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл жөнінде министр Бағдат Мусин мәлімдеді.

«Биыл біз 1-12 ақпан аралығында инновациялық гранттар беру бойынша пилоттық байқау өткізген болатынбыз. Барлығы 661 өтінім түсіп, жіті сұрыптау мен қазылардың таңдауынан кейін соңғы кезеңге тек бес үміткер ғана өтті: «ForumVR», InTech-Forecast «ЖҚК нысандары үшін IT-бағдарлама жасау», «COWMAS – ІҚМ туралы мәліметтерді бақылау және сараптау», «Смарт Терминал» жобасы, «Faceplate». Оларға технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттар беру туралы шарттар жасалды», деп жазды министр.

Пилоттық конкурстың нәтижесі бойынша сарапшылар мен грантқа ие болған адамдардың ой-пікірлерін ескере отырып, байқау шарттарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді байқауға қатысам деушілерде акселерациялық бағдарламалардан сәтті өткендігін дәлелдейтін сертификат болуы тиіс. Оның үстіне екінші және үшінші кезеңдегі іріктеуге қатысу үшін алдымен бірінші сатыдан өту шарт.

Қаржыландыру шарттары да біршама өзгерді. Бірінші сатыны іске асыруға арналған инновациялық грант сомасы 20 миллион теңгеден, ал екінші және үшінші сатылар үшін 80 миллион теңгеден аспайтын болды.

«Кеше инновациялық гранттар беру бойынша екінші конкурс жарияланды. Өтінімдер 2021 жылғы 10-23 тамыз аралығында https://qazinn.kz/ порталы арқылы қабылданады. Барлық сұрақтар бойынша тікелей Ильяс Оспановқа немесе Community QazInnovations кеңес беру Telegram-арнасына жаза аласыздар. Барлық жасампаз жандарды осы конкурсқа қатысуға шақырамын, бұл – стартаптарыңызды жүзеге асырып, дамыту үшін өте жақсы мүмкіндік. Іске сәт!», делінген жазбада.

Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / egemen.kz: https://egemen.kz/article/283298-qazaqstanda-innovatsiyalyq-granttar-taghayyndau-boyynsha-ekinshi-konkurs-bastald
© egemen.kz